Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде университеттің медицина орталығының жұмыс жоспарына сәйкес студент қыздарға арналған «Репродуктивті денсаулық » тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Кездесуді Амбулаториялық орталық емханасының тәжірибелі дәрігері, акушер-гинеколог Рыльская Г.В. жүргізді . Іс-шараға 1–2 курс білім алушы қыздар қатысты.
Кездесу барысында медицина мамандары репродуктивті денсаулықтың маңызы, оны сақтау жолдары және ерте алдын алудың рөлі туралы кеңінен түсіндірді. Студенттерге ағзаның анатомиялық ерекшеліктері, гигиена, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салтының болашақ денсаулыққа әсері жайлы ғылыми негізделген мәліметтер ұсынылды.
Жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар, олардың берілу жолдары, белгілері және қорғану әдістері жайлы толық ақпарат берілді. Мамандар жеке қорғану шараларын сақтау, тұрақты медициналық тексеруден өту және жауапты мінез-құлықтың маңызын түсіндірді. Студенттер сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.
Аталған іс-шара студенттердің репродуктивті денсаулық туралы хабардарлығын арттыруға, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға және алдын алу шараларын күнделікті өмірде қолдануға бағытталды. Университетте жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және медициналық сауаттылықты арттыру мақсатында осындай ақпараттық-ағартушылық кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіледі.


