17-18 наурыз күндері Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Халықаралық инженерия мектебінде шетелдік профессор Evgueni Jak қатысуымен семинарлар өтті.

Сапар аясында профессор Халықаралық инженерия мектебінің бакалавриат, магистратура және докторантура студенттеріне, сондай-ақ университеттің ғылыми қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамына арналған дәрістер мен практикалық семинарлар өткізді. Семинарлар барысында ол пирометаллургия және жоғары температуралы процестер саласындағы көпжылдық ғылыми әрі өндірістік тәжірибесімен бөлісті.

Бірінші күні негізгі семинарлар өткізілсе, екінші күні олардың жалғасы ұйымдастырылып, сондай-ақ университеттің жас ғалымдарымен кездесу өтті. Кездесу барысында ғылыми ынтымақтастық мәселелері мен бірлескен зерттеулердің болашағы талқыланды.

Evgueni Jak - 450-ден астам ғылыми жарияланымның авторы, металлургия және материалтану саласындағы бірқатар беделді халықаралық марапаттардың иегері. Ол Квинсленд университетінің (School of Chemical Engineering) пирометаллургия профессоры, сондай-ақ Pyrometallurgy Innovation Laboratory (PYROSEARCH) зертханасының негізін қалаушы және жетекшісі болып табылады.

Аталған зертхана мыс, қорғасын, металдарды қайта өңдеу және темірдің термохимиясы салаларында ірі халықаралық ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырып келеді және бұл жұмыстар әлемнің жетекші металлургиялық компанияларының қолдауымен жүргізіледі.

ШҚТУ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және әлемнің жетекші университеттерімен ғылыми байланыстарды нығайтуға ерекше мән береді. Университет мұндай сапарларды жоғары бағалайды және академиялық әріптестікті кеңейтуге әрдайым ашық.