Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Математика, физика және информатика пәндері бойынша үлгерімді арттырудың бірлескен стратегиялары: университет және мектеп» тақырыбында облыстық форсайт-семинар өтті.
Іс-шара Шығыс Қазақстан өңірлік «Örken» білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығымен бірлесіп, ШҚО Білім басқармасының қолдауымен өткізілді.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту, оқушылардың оқу мотивациясын арттырудың және үлгерімді жақсартудың тиімді стратегияларын бірлесіп айқындау болды.
Форсайт-семинарға облыстың жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, әдіскерлер мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушылар оқу үдерісінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру, мектеп пен университет арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.
Пленарлық отырыстан кейін үш бағыт бойынша секциялық жұмыстар ұйымдастырылды:
Математика секциясы – ЕНТ және олимпиадалық есептерді шешудің бірыңғай тәсілдері;
Физика секциясы – зертханалық тәжірибелер арқылы пәнге қызығушылықты арттыру жолдары;
Информатика секциясы – «AI SANA Connect: цифрландырудың болашағы туралы бірге» тақырыбындағы пікірталас алаңы.
Секцияларда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары өз тәжірибелерін бөлісіп, оқыту сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар әзірледі.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар мектеп пен университет арасындағы серіктестікті дамыту, бірлескен үйірмелер мен олимпиадалар ұйымдастыру, білім беру контентін жаңарту және цифрлық білім беру ресурстарын біріктіру жөнінде ұсыныстар қабылдады. Сонымен қатар, педагогтер қауымдастығы білім алушылардың пәндік және метапәндік құзыреттерін дамытуға бағытталған жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының бірлескен форсайт-семинары педагогтердің кәсіби тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар генерациясына және желілік ынтымақтастықты нығайтуға арналған тиімді алаңға айналды. Іс-шара мектептер мен жоғары оқу орындарының күш-жігерін біріктірудің, оқыту сапасын арттырудың және креативті әрі технологиялық тұрғыда ойлай алатын болашақ мамандарды даярлаудың маңыздылығын айқындады.








