V Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы дәстүрлі құндылықтарды қорғаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, деструктивті әрі адамгершілікке жат мінез-құлық үлгілерінің алдын алу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар қалыңдық ұрлау фактілерімен күресу міндетін жүктеді.
Осыған байланысты 2026 жылғы 9 ақпан мен 9 наурыз аралығында «Әйелге құрмет – қоғамның даму деңгейінің көрсеткіші» ұранымен ақпараттық науқан ұйымдастырылуда. Науқанның мақсаты – некеге мәжбүрлеу, сталкинг және әйелдерге қатысты өзге де зорлық-зомбылық түрлеріне байланысты құқықтық сауаттылықты арттыру, сондай-ақ қоғамда нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Негізгі месседж: қыздар мен әйелдер ерекше қорғауды қажет етеді, ал оларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі қоғам тарапынан бейжай қалмауы тиіс.
Ақпараттық науқан аясында барлық оқу орындарында қыздар мен әйелдерге құрметпен қарау құндылықтарын насихаттау, қарым-қатынасқа мәжбүрлеудің, қалыңдық ұрлаудың және ұлттық дәстүрлерге қатысы жоқ, мәдениетіміз бен заңнамамызға қайшы келетін зорлық-зомбылықтың өзге де түрлерінің жол берілмейтіні туралы жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осы бағытта Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде қалалық полиция басқармасы өкілдерінің қатысуымен студенттермен кездесу өтті. Іс-шара барысында спикерлер әйелдер мен балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, тұрмыстық зорлық-зомбылық түрлері, сталкинг және харасмент тақырыптары бойынша кеңінен ақпарат берді.
Кездесу соңында құқық қорғау органдарының қызметкерлері студенттерге сенім телефондары көрсетілген ақпараттық парақшалар таратты. Қажет болған жағдайда аталған нөмірлер арқылы кеңес алуға және көмекке жүгінуге болатыны түсіндірілді.