ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды шақыру» бағдарламасын іске асыру аясында Халықаралық инженерия мектебінің (ХИМ) «Механика және металл өңдеу» білім беру бағдарламасының білім алушылары үшін техника ғылымдарының хабилитацияланған докторы, инженер, металдарды бұзбай бақылау әдістері бойынша маман, профессор Bergander Marek Janusz шақырылды.
Сапардың мазмұнды бағдарламасы барысында профессор BERGANDER M.J. студенттерге, магистранттарға, докторанттар мен оқытушыларға арналған бірқатар ашық дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізді. Дәрістер машина жасау және аддитивті технологиялар саласындағы өзекті мәселелерге арналды. Тыңдаушылар сабақтардың тәжірибелік бағыттылығын және сарапшыға тікелей сұрақ қою мүмкіндігін жоғары бағалады.
Білім беру бағытындағы іс-шаралардан бөлек, тараптар алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда: бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске қосу, рейтингі жоғары халықаралық ғылыми журналдарда мақалалар жариялау, студенттер мен жас ғалымдарға арналған тағылымдамалар мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын ұйымдастыру.
Сапар қорытындысы бойынша профессор BERGANDER M.J. студенттеріміздің дайындық деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға мүдделі екенін білдірді.
«Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ» КЕАҚ Халықаралық инженерия мектебінің басшылығы профессорға нәтижелі жұмысы және университеттің академиялық ортасын дамытуға қосқан құнды үлесі үшін алғыс білдіреді.

