Санкт-Петербург қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Сирия және басқа елдердің университеттері, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен кәсіби қауымдастық өкілдерін біріктірген геотехника бойынша халықаралық ғылыми-техникалық конференция өтті.
Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінен конференцияға «Құрылыстағы BIM-жобалау» ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты А.В. Хапин және жетекші ғылыми қызметкер, техника ғылымдарының кандидаты Б.Е. Махиев қатысты.
ШҚТУ ғалымдары геотехникалық жобалау саласындағы зерттеу нәтижелерін таныстырып, күрделі топырақ жағдайларындағы құрылыс нысандарының сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ғылыми және өндірістік міндеттерді талқылауға қатысты.
Конференцияда топырақтың физикалық-механикалық қасиеттерін зерттеудің заманауи әдістері, негіздер мен іргетастарды есептеу және жобалау, жерасты құрылыстарын салудың конструктивтік-технологиялық шешімдері қарастырылды. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға ғылыми-техникалық мониторинг жүргізу, апаттық жағдайлардың себептерін талдау және олардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Конференцияға қатысу ШҚТУ ғалымдарына шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға, заманауи зерттеу тәсілдерімен танысуға және бірлескен ғылыми жобалардың мүмкіндіктерін талқылауға жол ашты. Алынған тәжірибе университеттегі геотехникалық зерттеулерді дамытуға, инженер мамандарды даярлау сапасын арттыруға және ғылыми нәтижелерді құрылыс тәжірибесіне енгізуге ықпал етеді.