Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қатысуымен «Заң мен тәртіп» жобасы аясында студенттерге арналған профилактикалық дәріс өтті. Іс-шара «Интернет-алаяқтық, кибер қылмыс, дропперлік – қоғам мәселесі, оның негізгі түрлері және жас ерекшеліктеріне байланысты таралу жолдары» тақырыбында ұйымдастырылды.

Дәрістің мақсаты – жастар арасында интернет-алаяқтық пен киберқылмыстың алдын алу, студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру және заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін төмендету.

Кездесу барысында фишинг, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желілер арқылы алдау сияқты интернет-алаяқтықтың негізгі түрлері, сондай-ақ «дропперлік» ұғымы мен оның құқықтық салдары түсіндірілді. Студенттердің «жеңіл табыс», «жоғары жалақысы бар жұмыс» секілді ұсыныстар арқылы заңсыз әрекеттерге тартылуы мүмкін екені айтылып, мұндай жағдайлардың қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар, жеке деректерді қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк картасының деректерін бөгде адамдарға бермеу, онлайн төлемдерде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Мұндай шаралар жастардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсінуге, жеке жауапкершілікті сезінуге және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, студенттердің киберқауіпсіздік саласындағы білімін нығайтып, алаяқтық әрекеттердің алдын алуға, қоғамдағы жалпы қауіпсіздік деңгейін көтеруге зор үлес қосады.

Кездесуге университет пен Жоғары IT колледжінің 1–2 курс студенттері қатысты.