Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттерінің адамгершілік қасиеттерін нығайтуға, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және мәдениет пен өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға, сабақтан тыс бос уақыттары мен демалыс күндерін мазмұнды әрі тиімді ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар тізбегі тәрбиелік жұмыс жүйесінің құрамдас бөлігі.

Осыған орай, кураторлар мен жатақханалардың тәрбиеші-педагог мамандары  студенттердің Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының қойылымдарына баруды ұйымдастырды. Сондай-ақ бұл шараға «Пушкин» клубының мүшелері,  «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан және Fondation бағдарламасы аясындағы шетелдік студенттер де белсенді қатысты.

Студенттерге театрдың қазақ, орыс және жастар труппалары ұсынған спектакльдерді өз қалауларына қарай таңдап, заманауи театр өнерімен танысуларына мүмкіндіктер берілген. Студенттер қойылымдардан алған өз әсерлерімен бөлісіп, актерлердің кәсіби шеберлігі мен театр ұжымының шығармашылықтарына жоғары баға берді. Өз кезегінде театр қызметкерлері де жастардың өнерге деген қызығушылықтарының артып келе жатқанына ризашылықтарын білдірді.

Аталмыш іс-шаралар жастар бойына Абай Құнанбайұлының «Толық адам» тұжырымдамасындағы асыл қасиеттерді, соның ішінде жылы жүрек пен нұрлы ақылды сіңіру, олардың жоғары білімді маман ғана емес, қоғамға пайдалы, тәрбиелі азамат ретінде қалыптасуына жол ашады. Театр қойылымдарын тамашалау арқылы студенттер әрбір әрекетінде ізгілік пен адалдықты, білім мен өнерді үйлестіре білуді, өз бойындағы рухани күш-қуатты тиімді пайдалануды үйренеді. Сонымен қатар, мәдени шаралар жастардың ой-өрісін кеңейтіп, өмірге саналы көзқарас қалыптастыруға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуға жағдай жасайды.