Алтай қаласында жыл сайынғы «Ақылды AWARDS 2026» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Аталған жоба Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті тарапынан жүзеге асырылады.

«Ақылды AWARDS» сыйлығы алғаш рет 2019 жылы өткізілген және Шығыс Қазақстан облысындағы «Алтын белгі» иегерлеріне үміткер мектеп түлектерін қолдауға бағытталған өңірлік білім беру жобасы болып табылады. Жобаның негізгі мақсаты — зияткерлік, креативтік және жобалық бағыттарда жоғары нәтижелер көрсеткен оқушыларды ынталандыру.

Салтанатты рәсім аясында Алтай қаласының мектеп оқушыларының оқу, жобалық және зерттеу қызметіндегі жетістіктері атап өтілді. Жеңімпаздарға университеттің білім беру гранттары мен сертификаттары табысталды. Марапаттау заманауи білім берудің басым бағыттарын қамтитын бірқатар номинациялар бойынша өткізілді. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, инженерлік ойлау, кәсіпкерлік және экологиялық жауапкершілік бағыттары қамтылды.

Рәсім барысында Алтай қаласының білім беру жүйесінің рөліне, сондай-ақ дарынды оқушыларды тәрбиелеу мен қолдаудағы педагогтер мен ата-аналардың үлесіне ерекше назар аударылды. Іс-шара аясында білім беру саласының өкілдеріне, білім беру ұйымдарының басшыларына, педагогикалық қызметкерлерге және лауреаттардың ата-аналарына Алғыс хаттар табысталды.

«Ақылды AWARDS 2026» сыйлығын өткізу Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің кәсіби бағдар беру бағытындағы жүйелі жұмысын, дарынды жастарды қолдауға және өңірдегі жалпы білім беретін ұйымдармен өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған қызметін айқындайды.