Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттер арасында Абайдың «Толық адам» концепциясы аясында «Толық адам болу – Адал азамат болудан басталады» тақырыбында ерекше форматтағы танымдық-интеллектуалдық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің бойында адалдық, адамгершілік, парасаттылық, жауапкершілік және ізгілік құндылықтарын қалыптастыру, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттері мен еркін ойлау дағдыларын дамыту.
Кеш дәстүрлі дәріс форматынан ерекшеленіп, интерактивті ашық сабақ, квиз ойын және командалық шығармашылық жұмыс түрінде өтті.
Студенттер Абайдың «Толық адам» ілімінің негізгі үш қағидасына сәйкес үш командаға бөлінді:
- «Нұрлы ақыл» – білім, парасат және саналы ойлау;
- «Жылы жүрек» – мейірімділік, адамгершілік және жанашырлық;
- «Ыстық қайрат» – жігер, табандылық және еңбекқорлық.
Әр командаға арнайы уақыт беріліп, қатысушылар өздеріне берілген құндылықтардың мәнін топ болып талқылады. Студенттер ойларын тек сөзбен ғана емес, сурет арқылы бейнелеп, шығармашылық көзқарастарын ерекше тәсілмен жеткізді. Әр топ өз жұмысын таныстырып, таңдаған идеяларын түсіндіріп, еркін пікір алмасты.
Квиз ойын барысында студенттер белсенділік танытып, өз білімдерін ортаға салды. Командалық тапсырмалар олардың бірлесіп жұмыс істеуіне, өзара қолдау көрсетуіне және тың идеялар ұсынуына мүмкіндік берді.
Кештің ерекшелігі – әр студенттің өз ойын ашық жеткізіп, Абай іліміндегі құндылықтарды өзіндік көзқарасымен түсіндіре білуінде болды.
«Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайрат» – кемел тұлға қалыптастырудың үш тірегі екенін студенттер өз шығармашылық жұмыстары арқылы көрсете білді.
Мазмұнды кездесу студенттердің белсенді қатысуымен, еркін пікір алмасуымен және ерекше шығармашылық атмосферада өтті.
Адал азамат болу – әр адамның өзінен басталады. Ал нұрлы ақыл, жылы жүрек пен ыстық қайратты бойына сіңірген жас – ел болашағының берік тірегі!











