2026 жылғы 18–19 қарашада Астана қаласында «Инновациялар, сапа және жаһандық әріптестік арқылы жоғары білімді трансформациялау» тақырыбында ғылым және жоғары білім саласындағы стратегиялық әріптестердің III халықаралық форумы өтті. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған ауқымды іс-шараға қазақстандық және шетелдік университеттердің, ғылыми және халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, өнеркәсіп пен дипломатиялық корпустың 400-ден астам өкілі қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан пленарлық отырыс форумның басты оқиғасына айналды. Мемлекет басшысы еліміздің дамуындағы ғылымның, білім мен инновацияның стратегиялық рөлін атап өтіп, халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту және ғылыми жетістіктерді іс жүзінде қолдану қажеттігіне назар аударды.
Мемлекет басшысының сөзінде Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қызметіне жоғары баға берілуі университет ұжымы үшін айрықша маңызды болды. Президент ШҚТУ тәжірибесін өзара міндеттемелерді орындаудың және халықаралық ынтымақтастық аясында нақты нәтижелерге қол жеткізудің жарқын үлгісі ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы ШҚТУ мен Тяньцзинь кәсіптік университеті бірлесіп, Қазақстандағы алғашқы Лу Бань шеберханасын ашқанын атап өтті. Бұл табысты тәжірибе өз жалғасын тауып, бүгінде осындай шеберханалар Астана мен Алматы қалаларында да жұмыс істейді. Президент инженерияға, технологияларға, цифрландыруға, сирек жер металдарына және аса маңызды минералдық ресурстарға басымдық бере отырып, аталған тәжірибені одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
Форум жұмысына ректор Сәуле Рахметуллина бастаған Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің делегациясы қатысты. Мемлекет басшысының жоғары бағасы университет ұжымының жүйелі еңбегінің мойындалуы ғана емес, тәжірибеге бағдарланған инженерлік білім беруді одан әрі дамытуға жүктелген зор жауапкершілік болды.
ШҚТУ базасында ашылған Лу Бань шеберханасы заманауи білім беру және инженерлік ортаға айналды. Мұнда студенттер озық технологияларды меңгеріп, практикалық құзыреттерін қалыптастырады, оқытушылар біліктілігін арттырады, ал университет индустриялық серіктестермен бірлесіп, өндірістің өзекті міндеттерін шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асырады.
Президент айқындаған басымдықтар ШҚТУ-дың бейінімен және Шығыс Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетімен тікелей сабақтас. Университет инженерлік кадрлар даярлауды, цифрлық технологияларды, сирек және аса маңызды металдар саласындағы зерттеулерді, сондай-ақ нақты сектор кәсіпорындарымен ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.
Форум аясында Қазақстанды білім мен ғылымның өңірлік орталығы ретінде дамыту, шетелдік университеттермен бірлескен зерттеулерді кеңейту және экономиканың жоғары технологиялық салалары үшін мамандар даярлау мәселелері де қарастырылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қолданбалы ғылымды дамытуға және елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
ШҚТУ тәжірибесінің Мемлекет басшысы деңгейінде атап өтілуі университет таңдаған даму бағытының маңызын айқындайды. Алдағы міндеттер қатарында өнеркәсіптік кәсіпорындармен байланысты кеңейту, бірлескен зерттеулерді дамыту және инженерлік әзірлемелерді өндіріске енгізу бар. Университет халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге ұласып, Қазақстанның технологиялық дамуына қызмет етуі үшін жүйелі жұмысын жалғастыра береді.


