26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына ШҚТУның ректоры Рахметуллина С.Ж. қатысты. Кеңес отырысына Үкімет мүшелері, жетекші ғалымдар және жоғары білім беру жүйесінің өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы ғылым мен технологиялардың дамуы стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, елдің әлемдегі орны ең алдымен ғылыми әлеуетімен айқындалады, ал экономикалық өсім ғылыми жетістіктермен тікелей байланысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы атом саласы үшін кадр даярлау, цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу мәселелеріне айрықша назар аударды.
Өткен жылы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне халықаралық стандарттарды ескере отырып, инженер кадрларын даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырған болатын. Бұл модель әзірленіп, оның жасалуына біздің университет белсенді түрде атсалысты.
Модель үш деңгейлі даярлықты қамтиды - «техниктер», «технологтар», «кәсіби инженерлер» және ол Дублин, Сидней, Вашингтон келісімдеріне сәйкес құрылған. Модельдің негізі MIT университеті бастамашылық еткен CDIO халықаралық стандарттарына сүйенеді. Біздің оқу орнымыз CDIO альянсының белсенді мүшесі болып табылады және бүкіл Орталық Азия атынан жалғыз өкіл ретінде қатысады. CDIO стандарттары теориялық білімді практикалық дағдылармен біріктіріп, өнімді әзірлеу циклінің барлық кезеңін – концепциядан бастап пайдалануға дейін қамтиды, сондай-ақ инновациялық ойлауды дамытады.
Модель жоғары оқу орындарының өндіріс орындарымен ықпалдасуын, инженер кадрларын сертификаттауды, салалық орталықтар құруды көздейді. Инженерлік даярлықтың сквозной стандарты әзірленуде, ол базалық және бейіндік пәндер бойынша міндетті модульдерді, тұрақты даму, цифрлық құзыреттер және жасанды интеллект негіздерін қамтиды.
Талқылау барысында Сәуле Жәдыгерқызы сөз сөйлеп, әзірленген инженерлік білім беру моделінің Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде БҒМ қолдауымен қалай сынақтан өтіп жатқанын баяндады. Біздің стратегиялық маңызды бағыттарымыздың бірі - атом саласы үшін мамандар даярлау.
2019 жылдан бастап университет Қазақстан атынан МАГАТЭ аясындағы STAR-NET халықаралық желісінің президиум мүшесі болып табылады, МИФИ, Томск политехникалық университетімен және МАГАТЭ-мен ынтымақтастық орнатқан. Атом саласы үшін халықаралық стандарттар негізінде екі дипломды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы: «Материалтану және материалдар технологиясы», «Математикалық және компьютерлік модельдеу» (МИФИ-мен бірлесіп), «Сәулелік және плазмалық технологиялар» (Томск политехімен бірлесіп).
Биылдан бастап МАГАТЭ-мен бірге алғашқы инновациялық бағдарлама - «Атом электр станциясын пайдалану» іске қосылды. Оқу процесіне виртуалды тренажерлар, АЭС-тің цифрлық егіздері, апаттық жағдайларды модельдеу жүйелері, сондай-ақ технологиялық процестерді басқаруда жасанды интеллектті қолдану модульдері енгізілген.
Атом саласы тәжірибеге негізделген даярлықты талап етеді. Осыған орай университет ғылыми орталықтармен және кәсіпорындармен бірлесіп, ғылыми жобаларды жүзеге асырады және бакалавриаттан бастап докторлық диссертация қорғауға дейінгі толық оқыту циклін қамтиды. Бұл бағыт нақты ғылыми-зерттеу және өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған.
Біздің негізгі серіктестеріміз - Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталық, сондай-ақ «Үлбі металлургиялық зауыты». Соңғы үш жыл ішінде ҮМЗ-да да 166 студентіміз тағылымдамадан өтті. УМЗ тапсырысы бойынша «Уран өнімдерін өндірудің инновациялық технологиялары», «Ядролық энергетикаға арналған материалдар» білім беру бағдарламалары іске асырылуда.
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы ел үшін негізгі басымдықтарды айқындады: цифрландыру, жасанды интеллект, атом энергетикасы және инженерлік білім. Бұл міндеттердің жүзеге асырылуына қатысу – біздің университет үшін зор жауапкершілік қана емес, сонымен бірге Қазақстанның болашақ дамуына елеулі үлес қосуға берілген үлкен мүмкіндік.