Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің №2 жатақханасында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.

Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері және Үлбі полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Магзумов Е. қатысты.

Кездесу барысында студенттерге құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері түсіндіріліп, қоғамда жиі кездесетін құқыққа қайшы әрекеттердің түрлері туралы маңызды ақпарат берілді. Атап айтқанда, адам ұрлау, бопсалау, алаяқтық және жыныстық тиіспеушілікке қатысты құқық бұзушылықтар тақырыптары кеңінен қозғалды.

Полиция қызметкерлері студенттерге осындай жағдайлардың алдын алу жолдары, қауіп төнген жағдайда қандай әрекет жасау керектігі және құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі туралы түсініктеме берді. Сонымен қатар жастардың өз құқықтары мен міндеттерін білуінің, құқықтық нормаларды сақтаудың маңыздылығына назар аударылды.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара соңында студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтап, заң талаптарын құрметтеу, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және құқық бұзушылықтың кез келген түріне жол бермеу қажеттігі ескертілді.