Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары IT колледжінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында білім алушылармен профилактикалық бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесу барысында Үлбі полиция басқармасы Қылмыстық қудалау бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Жакашев Дидар Дулатович білім алушыларға бөтеннің мүлкіне қол сұғудың, ұрлық жасаудың, оның ішінде мал ұрлығының құқықтық салдарын түсіндірді.
Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жастар арасында есірткі құралдарының таралуының алдын алу мақсатында есірткі тақырыбындағы граффитилерді заңсыз салуға жол бермеу, олардың қоғамға кері әсері және мұндай құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында білім алушыларға заңды құрметтеу, құқықтық сауаттылықты арттыру, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға белсенді атсалысудың маңыздылығы түсіндірілді.
Осындай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын сақтауға және жауапты мінез-құлық қалыптастыруға ықпал етеді.