Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде белгілі қазақстандық суретші Аманжол Мусалимовпен шығармашылық кездесу өтті. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының корреспондент-мүшесі, «Құрмет» төсбелгісінің иегері.
Іс-шара «Сәулет» және «Сәулеттік орта дизайны» білім беру бағдарламаларының профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушыларына арналды.
Аманжол Мусалимов И. Е. Репин атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық кескіндеме, мүсін және сәулет институтын «Кескіндеме» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Кездесу барысында суретші өзінің кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, кескіндеме өнерінің қыр-сыры, түстердің көркемдік мүмкіндіктері, реңктер үйлесімі, жарық пен көлеңкенің маңызы туралы әңгімеледі. Әсіресе түстің қоршаған ортаны қабылдауға әсері, көңіл күй мен эмоцияны жеткізуі, көркем бейнені қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Шығармашылық кездесу оқытушылар мен білім алушылардың кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, бейнелеу өнерінің қыр-сырын тереңірек тануға және жаңа шығармашылық идеяларға шабыт алуға мүмкіндік берді.
Университет ұжымы Аманжол Мусалимовке мазмұнды кездесу, ашық пікір алмасу және құнды кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін шынайы алғысын білдіреді!