Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Study in Kazakhstan – 2026» республикалық білім беру көрмесі еліміздің өңірлерінде өтуде. Ауқымды жоба биыл 15 қаланы қамтып, мыңдаған талапкерге кәсіби бағдар беруді мақсат етеді.
Көрменің негізгі мақсаты – мектеп бітіруші түлектерге Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындары мен елімізде ашылған шетелдік университеттер филиалдарының білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.
Көрме 6 сәуірде Астана қаласында басталып (3500-ден астам оқушы), Павлодар (2000-нан астам оқушы), Семей (3000-нан астам оқушы), Өскемен қалаларында (1500-ден астам оқушы), сондай-ақ оңтүстік өңірдегі Алматы (3500 астам оқушы), Қаскелең (3650 оқушы), Тараз (3000 жуық оқушы), Шымкент (5400 оқушы), Түркістан (3500 оқушы), Қызылорда (3000-нан астам оқушы) қалаларында жалғасын тапты. Бүгін іс-шара батыс өңірдегі Ақтөбе қаласында өтті. Алдағы күндері көрме Атырау, Жаңаөзен қалаларында ұйымдастырылып, Ақтау қаласында қорытындыланады.
Іс-шара аясында талапкерлер:
- білім беру бағдарламаларымен;
- қабылдау талаптары мен мемлекеттік грант мүмкіндіктерімен;
- студенттік өмір мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларымен таныса алады.
Көрмеге ШҚТУ өкілдері: Лу Бань шеберханасының жетекшісі А. Мейрашев, профессорлық-оқытушылық құрамнан Ш. Тезекпаева, Д. Мырзабекова, К. Қуанышбекқызы, Г. Конарбаева қатысып, талапкерлерге тікелей кеңес беріп, мамандық таңдауда бағыт-бағдар ұсынып, болашақта университет студенті атануға сәттілік тіледі.
Аталған білім беру көрмесі талапкерлерге болашақ мамандығын саналы таңдауға, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің артықшылықтарымен танысуға және сапалы білім алуға мүмкіндік беретін маңызды алаң болып табылады.