Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде биыл Наурыз мерекесі ерекше форматта «DIGITAL NAURYZ – 2026» аясында өтіп, дәстүр, технология және адамдарды біртұтас мәдени кеңістікке тоғыстырды.
Мерекенің басты идеясы: университет ұжымының бірлігі мен ынтымағын нығайту болды. Бұл алаңда әртүрлі буын өкілдері, ұжымдар мен бағыттар тоғысып, үлкен университеттік отбасының ажырамас бөлігі екенін терең сезінді. «ЖЕТІ ТІРЕК – ҰЛЫ БІРЛІК», «ТАМЫР & TECH», «ЫНТЫМАҚ ОРДАСЫ», «ҚАЛЫНДЫҚ АУЫЛЫ», «DIGITAL EARTH» этноауылдары және «BETASHAR INNOVATION HALL» креативті алаңы өзара сыйластықтың, бірліктің және ортақ дамуға ұмтылыстың жарқын символына айналды.
Мереке тек мәдени іс-шара ғана емес, корпоративтік рухты нығайтудың тиімді алаңы болды. Қызметкерлер, студенттер мен қонақтар бір-бірімен белсенді қарым-қатынас жасап, салт-дәстүрлерге қатысып, өзара тәжірибе алмасып, ашық диалог пен ынтымақтастық атмосферасын қалыптастырды.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында университет басшылығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері, оның ішінде ішкі саясат басқармасының басшысы, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ серіктес кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдар болды. Олардың қатысуы университет ішінде ғана емес, өңір деңгейінде де ортақ құндылықтар кеңістігін қалыптастырудың маңыздылығын айқындады.
Әрбір аул заманауи форматта ұсынылған дәстүрлердің орталығына айналды: ұлттық салт-жоралғылар цифрлық шешімдермен үйлесіп, көрерменге жаңа қырынан ұсынылды. Бұл ұлттық мұраға жаңаша көзқарас қалыптастырып, оны қазіргі корпоративтік мәдениеттің бір бөлігіне айналдыруға мүмкіндік берді.
Концерттік бағдарлама, театрландырылған қойылымдар мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі мерекенің бірлікке, шабытқа және ортақ құндылықтарға негізделген атмосферасын күшейтті.
Мереке қарсаңында университет тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізіп, QS Stars халықаралық рейтингтік жүйесінде 5 жұлдыздық жоғары бағалауға ие болды. Бұл - оқу орнының тұрақты дамуы мен алға ұмтылысының айқын көрсеткіші.
«DIGITAL NAURYZ - 2026» дәстүр мен заманауи үрдістердің үйлесімі арқылы мықты корпоративтік мәдениетті қалыптастырып, жаңа жетістіктерге шабыт беретін жарқын үлгіге айналды.