2026 жылғы 22 маусымда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде BR21882022 «Мониторинг жүйелерін әзірлеу және оларды орналастырудың ғылыми негіздемесі үшін Шығыс Қазақстан облысының көшкін алаптарының белсенділігін зерттеу» ғылыми-техникалық бағдарламасының нәтижелерін одан әрі дамыту және тәжірибеде қолдану мәселелеріне арналған жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында өңірдің таулы аумақтарында төтенше жағдайлардың алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған қар көшкіні қаупін автоматтандырылған мониторингтеу жүйесін енгізу бойынша ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Жобаны іске асыру нәтижесінде ШҚТУ ғалымдары облыстағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерді жүйелеп, көшкін ошақтарының цифрлық карталары мен 3D-модельдерін әзірледі, сондай-ақ мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету мен автономды мониторинг жүйесінің тәжірибелік үлгісін жасады.
Кездесу аясында ШҚО ТЖД өкілдеріне жүйені одан әрі пайдалану және кеңінен енгізу үшін қажетті жобалық-сметалық материалдар, әдістемелік ұсынымдар және өзге де құжаттарды қамтитын құжаттама топтамасы табысталды. Шығыс Қазақстанның қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерінде сынақтан өткен бағдарламалық-аппараттық кешеннің нәтижелері ерекше қызығушылық тудырды. Сынақ қорытындылары жүйенің метеорологиялық деректерді үздіксіз жинауға және қауіп деңгейін жедел бағалауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Кездесуге қатысушылар жобаның өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік және туристік инфрақұрылымды қорғау тұрғысынан жоғары практикалық маңызға ие екенін атап өтіп, оның қолданыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесіне тиімді ықпалдастырылу әлеуетіне жоғары баға берді.