10 тамыз – қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туған күні. Абай – қазақ елінің ғана емес, әлем таныған ұлы тұлға, ұлттық руханияттың биік символы. Оның шығармалары адамзатқа ортақ адамгершілік, білім, ғылым, еңбек және кемелдік құндылықтарын дәріптейді.
10 тамыз – Абай күні Қазақстанда 2020 жылдан бері ресми түрде аталып өтеді. Атаулы күн ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ресми күнтізбеге енгізілді.
Осы айтулы күнге орай Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған тағылымды іс-шара өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – Абайды танып-білу ғана емес, оның мол рухани мұрасын санада жаңғырту, шығармаларын дәріптеу және ұлы ақынның тағылымын келер ұрпаққа аманат ету.
Іс-шараның ашылуында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Асия Хасенқызы Машекенова сөз сөйлеп, Абай мұрасының білім мен тәрбие, ғылым мен адамгершілік бағытындағы маңызын атап өтті. Әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивтік даму департаментінің директоры Меруерт Сабырқызы Жайжатырова да сөз сөйлеп, Абай шығармашылығының жастардың рухани қалыптасуындағы рөліне тоқталды.
Кездесу барысында қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы, қара сөздеріндегі терең ойлары және ұлттық руханиятқа қосқан үлесі туралы ой бөлісті. «Толық адам» тұжырымдамасы негізінде «Нұрлы ақыл», «Ыстық қайрат», «Жылы жүрек» ұғымдарының мәні кеңінен дәріптеліп, олардың қазіргі жас ұрпақ тәрбиесіндегі өзектілігі атап өтілді.
Іс-шара аясында Абайдың өлеңдері, қара сөздері мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлы ақынның кеңінен танымал «Көзімнің қарасы» әнін бірге орындап, іс-шараға ерекше рухани-шығармашылық сипат берді.
Абай мұрасы – уақыт өткен сайын мәні тереңдей түсетін рухани қазына. Ұлы ақынның «адам бол» идеясы, білім мен ғылымға ұмтылысы, еңбек пен адамгершілікті дәріптеуі бүгінгі ұрпақ үшін де маңызды бағдар болып қала береді.
Абайды тану – өзіңді тану. Абай мұрасын сақтау – ұлттың рухани құндылықтарын сақтау.