27 карашада «Ауыл» партиясы ұйымдастырған республикалық «Ауыл накыштары» фотобайқауының қорытындысы жарияланды. Биылғы додаға Қазақстанның 20 өңірінен 678 қатысушы өз жұмыстарын жолдап, жалпы 3366 фотосурет ұсынылды. Байқауда туған елдің жарқын өмірі, табиғаты, адамдары мен мәдениеті кеңінен көрініс тапты. Жарыс «Ауыл пейзаждары», «Еңбек адамының фотопортреті», «Фоторепортаж» номинациялары бойынша өтті.
Осы ауқымды өнер сайысында жерлесіміз, біздің фотограф Тлеубек Шаяхмет «Еңбек адамының фотопортреті» номинациясы бойынша жүлделі 2-орынды иеленді.
Жеңімпаз өз ықыласын білдіріп, қолдау көрсеткен барлық жандарға алғыс айтты:
«"Еңбек адамының портреті" номинациясы бойынша 2-орын бұйырыпты маған. Фотоөнерде қолдап жүрген барлық игі жақсыларға алғысымды білдіремін. Іссапарға жіберген ШҚТУ басшылығына, әріптестеріме рахмет», - деді жүлде иесі.
Тлеубек Шаяхметтің жетістігі - кәсіби еңбектің, таланты мен өз ісіне деген адалдығының айқын дәлелі. Оны шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!