Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің түлегі Владимир Кривых халықаралық Kubestronaut мәртебесіне ие болды. Оның есімі Cloud Native Computing Foundation (CNCF) сайтындағы Қазақстаннан сертификатталған мамандардың ресми тізіміне енгізілді.

Владимир ШҚТУ-ды «Математикалық және компьютерлік модельдеу» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазіргі уақытта ол өзі білім алған университетте кәсіби қызметін жалғастырып, Ақпараттық технологиялар департаментінде жүйелік әкімші болып жұмыс істейді.

Kubestronaut — Kubernetes және бұлттық технологиялар саласындағы жоғары деңгейдегі білім мен тәжірибелік дағдыларды растайтын халықаралық мәртебе. Kubernetes заманауи цифрлық сервистерді басқаруға қолданылады: қосымшаларды автоматты түрде іске қосуға және жаңартуға, есептеу ресурстарын тиімді бөлуге, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл мәртебеге ие болу үшін маман бес халықаралық сертификаттау емтиханын сәтті тапсырып, барлық сертификаттарын жарамды күйде сақтауы қажет. Олар Kubernetes жүйесін әкімшілендіру, бұлттық қосымшаларды әзірлеу және іске қосу, цифрлық инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ контейнерлеу мен cloud-native технологияларының негізгі қағидаттарын білу бойынша құзыреттерді растайды.

Сертификаттау емтихандары теориялық білімді ғана емес, тәжірибелік міндеттерді шешу қабілетін де тексереді. Олардың қатарында цифрлық жүйелерді баптау және сүйемелдеу, техникалық ақауларды анықтау, инфрақұрылымды қорғау және сервистердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бар.

ШҚТУ-да еңбек етіп жүрген Владимир Кривых университеттің цифрлық инфрақұрылымының тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге және заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге қатысады. Оның құзыреттері цифрлық трансформация және университеттің IT-экожүйесін дамыту жағдайында ерекше маңызға ие.

Владимирдің кәсіби жолы университетте алынған іргелі білімнің жүйелік әкімшілендіру, бұлттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік салаларында одан әрі дамуға берік негіз болатынын көрсетеді.

ШҚТУ ұжымы Владимир Кривыхты халықаралық Kubestronaut мәртебесіне ие болуымен құттықтап, кәсіби өсу, технологиялық жобаларды табысты жүзеге асыру және жаңа жетістіктер тілейді!