Халықаралық академиялық байланыстарды нығайту аясында университетімізге Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университетінің (Германия) өкілі, көрнекті ғалым, профессор Карстен Дребенштедт (Carsten Drebenstedt) ресми сапармен келді.Сапар барысында профессор «Тау-кен ісі» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттары үшін «Ашық тау-кен жұмыстары технологиясының негіздері» және «Жер асты және ашық тау-кен жұмыстарын кешенді механикаландыру» пәндері бойынша дәрістік әрі тәжірибелік сабақтар өткізді.

Сапардың маңызды нәтижесі ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту болды: профессор Карстен Дребенштедт университетіміздің докторантына ғылыми жетекші болуға келісім берді. Зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысы үшін өте өзекті мәселе — кен орындарын игеру мен шахталарды жабу кезінде пайда болатын жер асты қуыстарын толтыру, тау-кен орындарының орнықтылығын қамтамасыз ету және пайдаланылған аумақтарды басқаруға арналған. Фрайберг тау-кен академиясының бұл салада үлкен халықаралық тәжірибесі мен озық технологиялары бар, бұл бірлескен зерттеулер жүргізуге және өңірдің экологиялық әрі технологиялық міндеттерін шешуге жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Сапар аясында Жер туралы ғылымдар мектебінің деканы Маржан Рахымбердинамен, Басқарма мүшесі - Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Жадыра Қоңырбаевамен, сондай-ақ Басқарма мүшесі - Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Арайлы Сарсембаевамен жұмыс кездесулері өтті. Тараптар білім беру, ғылым, академиялық алмасу және ғылыми кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Сондай-ақ профессор Бақыршық тау-кен кәсіпорнында болып, өндірістік процестермен және тау-кен жұмыстарын ұйымдастыру ерекшеліктерімен танысты. «Алтын Алтай» университет мұражайында мәртебелі қонақ өңіріміздің тарихымен, ғылыми дәстүрлерімен және мәдени мұрасымен танысты.

Профессор Карстен Дребенштедттің университет кітапханасының қорына студенттер, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар үшін тапсырған ғылыми басылымдары оқу орнымызға жасалған ерекше сый болды.

Профессор Карстен Дребенштедттің сапары халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуда, «Тау-кен ісі» білім беру бағдарламасын дамытуда және бірлескен ғылыми қызметке жол ашуда маңызды қадам болды. Профессор Карстен Дребенштедтке кәсіби тәжірибесімен бөліскені, мазмұнды дәрістері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз!