2025 жылғы 23–25 қыркүйек күндері Ислам Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы) ISPRS Техникалық комиссиясының бастамасымен «Applied Photogrammetry and Remote Sensing for Environmental and Industry» атты халықаралық конференция өтті.

Іс-шараға Чехия, АҚШ, Түркия, Италия, Қытай, Германия, Ресей, Сауд Арабиясы, Қазақстан және басқа да елдердің жетекші ғалымдары, зерттеушілері мен кәсіпкерлері қатысты.

Конференция жұмысына BR24992854 «Шығыс Қазақстан облысының тау-кен металлургия өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін бәсекеге қабілетті ғылыми негізделген технологияларды әзірлеу және енгізу» жобасы шеңберінде Жер туралы ғылым мектебінің деканы М.Е. Рахымбердина және Жер туралы ғылым мектебінің қауымдастырылған профессоры М.М. Тогузова құттықтау сөзін сөйлеп, баяндама жасап қатысты.

Үш күн бойы конференция қатысушылары геоақпараттық технологиялар, фотограмметрия, Жерді қашықтықтан зондтау, ұшқышсыз әуе жүйелері, лазерлік сканерлеу және кеңінен қолданылатын ашық платформалар арқылы кеңістіктік деректерді өңдеу салаларындағы заманауи бағыттарды талқылап, ғылыми идеялар және тәжірибелік шешімдермен алмасты.

Айрықша назар кәсіби және қоғамдық геодеректерді инженерлік әрі экологиялық міндеттерге интеграциялау мәселелеріне аударылды. Конференция Жерді қашықтықтан зондтау және геоақпараттық технологиялардың өнеркәсіп пен тұрақты даму проблемаларын шешудегі рөліне арналған пікірталастар алаңына айналды.

Конференцияда ұсынылған баяндамалардың тақырыптары:

  • фотограмметрияның заманауи әдістері және олардың инженерлік ізденістер мен құрылыс саласында қолданылуы;
  • ауыл шаруашылығын, инфрақұрылымды және табиғи ресурстарды мониторингілеуде ұшқышсыз әуе жүйелерін пайдалану;
  • қалалық аумақтарды, өнеркәсіптік нысандарды және ландшафтарды 3D-модельдеуге арналған лазерлік сканерлеу  технологиялары;
  • қоршаған ортаның жай-күйін, климаттық өзгерістерді және антропогендік қызметтің салдарын бағалау үшін Жерді қашықтықтан зондтау;
  • кеңістіктік деректерді өңдеу және талдау саласында ашық геоплатформалар мен жасанды интеллектіні қолдану;
  • жер және су ресурстарын мемлекеттік басқаруда геоақпараттық жүйелерді интеграциялау;
  • кадастрлық жүйелерді цифрландыру тәжірибесі және ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын құру.

Конференция қорытындысы бойынша геоақпараттық ғылымдар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін кәсіби орта қалыптасты. Өнеркәсіп, экология, урбанистика және мемлекеттік басқаруда инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен бастамалар белгіленді.