Ұлттық құндылықтарды насихаттау және жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру мақсатында М. Горький көшесі, 59 музей ғимаратында Ұлттық киім күніне арналған тағылымды іс-шара өтті. Аталған шараға Шығыс Қазақстан техникалық университеті Бизнес мектебінің «ҚТжӘСП» кафедрасындағы «Зерде» клубының мүшелері қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі К. Акашова эскиздер көрсетті, қазақ ұлттық киімін тігу жолдарын түсіндірді және кимешек жасау кезінде қолданылатын «біз кесте» шеберлігін үйретті. Қазақ киіз үйінде Ж. Рахатова экскурсия жүргізіп, оның құрылымы мен дәстүрлері туралы айтты.
Ұлттық киім күні - ата-бабамыздан қалған асыл мұраны ұлықтаудың, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызды бір көрінісі. Іс-шара барысында студенттер ұлттық киім үлгілерін киіп, олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы мағлұматтар алды. Қазақтың шапан, камзол, кимешек, тақия сынды киімдерінің әрқайсысының өзіндік мәні мен символикасы бар екені айтылды. Сонымен қатар, ұлттық киімдердің заманауи сәнмен үйлесуі де көрсетілді.