8–10 сынып оқушыларына арналған Желілік инженерлік мектептің (ЖИМ) жазғы ауысымы «Простор» жазғы экологиялық кешені базасында өз жұмысын бастады. Ауысымның алғашқы күндері қатысушыларды мазмұнды білім беру бағдарламасы мен қызықты мәдени-танымдық іс-шаралар күтіп тұрғанын көрсетті.
Бірінші күні мектеп оқушылары лагерьге келіп, бөлмелерге орналасты және қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтан өтті. Одан кейін ұйымдастырушылармен және қатысушылармен танысу кездесуі өтті. Оқушылар алдағы бағдарлама туралы ақпарат алып, өздерін таныстырып, бір-бірімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Кешкі уақытта креативті ойлау қабілетін, қарым-қатынас дағдыларын және командалық рухты дамытуға бағытталған ойындар ұйымдастырылды. Күн дәстүрлі «Шам шеңбері» форматындағы кездесумен аяқталып, қатысушылар өз әсерлері мен ауысымнан күткен үміттерімен бөлісті.
Екінші күн таңғы жаттығу мен таңғы астан басталды. Одан кейін білім беру бағдарламасы аясында математика және физика пәндері бойынша алғашқы сабақтар өтті. Оқушылар қызықты есептер шығарып, аталған пәндердің тәжірибелік маңызымен танысты.
Түстен кейін қатысушыларды Бұқтырма су қоймасы бойынша кемемен экскурсия күтті. Саяхат барысында олар өңірдің табиғи ерекшеліктерімен танысып, көркем табиғат көріністерін тамашалады. Кешке «Интернет және мемдер» тақырыбында командалық квиз ұйымдастырылды. Интеллектуалдық сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар грамота және тәтті сыйлықпен марапатталды.
Желілік инженерлік мектептің жазғы ауысымының алғашқы күндері қызықты әрі мазмұнды өтті. Алдағы уақытта қатысушыларды жаңа сабақтар, инженерлік жобалар, шығармашылық іс-шаралар және жарқын әсерлер күтіп тұр.
