2025 жылғы 22 қыркүйекте сағат 12:00-де Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара «Галстуксыз диалог» форматында – студенттер мен құқық саласындағы сарапшылар арасындағы ашық әрі бейресми әңгіме түрінде ұйымдастырылды. Кездесудің басты тақырыбы – қазіргі қоғам жағдайындағы жастардың құқықтық тәрбиесі мен құқықтары жөнінде болды.

Дөңгелек үстелге Шығыс Қазақстан облысы заң консультанттары палатасының өкілдері, университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті құқықтық мәселелерді талқылап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Студенттерді кеңінен қамту мақсатында онлайн-қосылу мүмкіндігі ұйымдастырылып, студенттерге іс-шараға қашықтан қатысуға мүмкіндік алды.

Кездесу ашық әрі мазмұнды жағдайда өтіп, жастар мен кәсіби заңгерлік қауымдастық арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кездесу барысында құқықтық тәрбие, жастардың құқықтары мен міндеттері, Конституцияның азаматтар өміріндегі рөлі, сондай-ақ жастардың күнделікті өмірде кездесетін заманауи құқықтық мәселелері сөз болды.

Мұндай кездесулер студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сана-сезімін арттыруға және азаматтық белсенді ұстанымын нығайтуға ықпал етеді.