Ағымдағы жылдың 23 қыркүйегінде «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Өскемен қалалық филиалының өкілдері мен ШҚО Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілінің қатысуымен кездесу өтті.

Іс-шара барысында интернет-алаяқтық, дропперлікке байланысты қылмыстық жауапкершілік және қаржылық сауаттылық мәселелері кеңінен талқыланды. Сарапшылар студенттерге алаяқтықтың түрлері, олардың алдын алу жолдары және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша практикалық кеңестер ұсынды.

Полиция департаментінің өкілі киберқылмыстарға қарсы күрестің заңдық негіздері мен соңғы тенденциялары туралы мәлімет беріп, алаяқтық құрбаны болмау үшін қажетті сақтық шараларын атап өтті.

Бұл кездесу — қаржылық сауаттылықты арттыру және азаматтардың өз қаржыларын қорғау мақсатындағы маңызды іс-шаралардың бірі. Мұндай ынтымақтастық аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Спикерлер студенттерге алаяқтар мен дропперлерден қалай сақтану керектігін көрнекі материалдар, презентациялар және бейнероликтер арқылы түсіндірді. Қаржылық алаяқтықтың әртүрлі түрлері туралы нақты әрі қолжетімді ақпарат берілді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықтың маңыздылығы ерекше атап өтіліп, заң аясында өз құқығын қорғау жолдары түсіндірілді. Студенттерге қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін абай болу және күдікті жағдайларды хабарлау қажеттігі ескертілді.

Кездесудің соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңестер алды. Жастардың қаржылық білімін жетілдіруге және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған мұндай іс-шаралар университетімізде жүйелі түрде өткізіліп отырады. Сонымен бірге, «Фридом Банк Қазақстан» АҚ өкілдері осындай ақпараттық жобаларды әрі қарай жалғастыруға ниет білдіріп, жастардың қаржылық сауаттылықтарын арттыруға шақырады.