2025 жылғы 22–26 қыркүйек аралығында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті II Қазақстан-Германия апталығы «Ғылым және білім: Қазақстан мен Германияның серіктестігі» шарасының өткізілу алаңына айналды.

Бұл шара Қазақстан мен Германияның жетекші университеттерін, сондай-ақ ғылым, білім және өнеркәсіп саласындағы негізгі ұйымдарды біріктірді. Қатысушылар қатарында – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек (онлайн форматта), Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсен, Қазақстан-Германия университетінің президенті Волрад Роммель, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Әкерке Абылайханқызы, қазақстандық университеттердің проректорлары, техникалық бағыттағы колледж өкілдері, өнеркәсіптік кәсіпорындар, ШҚТУ-дың профессор-оқытушылар құрамы болды.

Апталықтың басты оқиғасы – Қазақстан мен Германия университеттері Консорциумына қол қою болды. Консорциум құрамына ШҚТУ, Қазақстан-Германия университеті, Рур университеті Бохум, Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университеті, Клаусталь техникалық университеті, Дортмунд техникалық университеті және Дуйсбург-Эссен университеті енді. Консорциум тау-кен ісі, геология, циркулярлы өндіру, ақылды материалдар, энергетика және экологиялық технологиялар саласында зерттеулер мен білім трансферінің жетекші алаңына айналмақ.

Маңызды оқиғалардың бірі – Александр Гумбольдт атындағы Тұрақты даму бойынша пәнаралық орталықтың ашылуы. Бұл жаңа ғылыми алаң халықаралық зерттеулерге, академиялық алмасуларға және инновацияларды енгізуге арналды.
Қазақстанда жұмыс істейтін неміс ұйымдарының (DAAD, DENA, Фридрих Эберт қоры, Конрад Аденауэр қоры, DFG, CASIB, Goethe-Institut) қатысуы бірлескен зерттеу жобаларын бастауға, академиялық ұтқырлықты дамытуға және сыртқы қаржыландыруды тартуға кең мүмкіндіктер ашады.

Апталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында айтылған басымдықтарға толық сәйкес келеді. Бұл Жолдауда ғылымды дамытуға, инновацияларды ілгерілетуге және болашақ индустриясына қажетті кадрлар даярлауға ерекше назар аударылған. Шығыс Қазақстан үшін бұл оқиғаның стратегиялық мәні зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, тау-кен металлургия кешені – Қазақстанның индустриялық қаңқасының сенімді тірегі. Бүгінгі күні ғылымды дамытуда, инновацияларды енгізуде және кадрлар даярлауда саланың болашақтағы дамуының кепілі жатыр.

II Қазақстан-Германия апталығы ШҚТУ-да Қазақстан мен Германия арасында берік ғылыми көпір құруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа технологияларды дамытуға және болашақ индустриясын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.