Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлин бейресми іс-сапарда болды.

Сапар барысында дипломат Қытай әріптестерінің қолдауымен құрылған бірегей білім беру және технологиялық орталық – Лу Бан шеберханасымен танысты. Хань Чуньлин мырза шеберхананың заманауи жабдықтарымен танысып, оның студенттерге машина жасау, автоматтандыру және заманауи буындағы автокөліктермен жұмыс істеу саласындағы озық технологиялар мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретінін көрді.

Елші ерекше назарын ҚХР-дың жетекші жоғары оқу орындары мен орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырған ШҚТУ оқытушыларымен кездесуіне аударды. Кездесу барысында тәжірибе алмасу, инновациялық оқыту әдістерін енгізу және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды.

Сапардың маңызды бөлігі университет студенттерімен кездесу болды. Жас инженерлер Лу Бан шеберханасында білім алу арқылы кәсіби даму үшін ашылған мүмкіндіктер туралы айтып берді. Хань Чуньлин мырза Қазақстан жастарының жоғары қызығушылығы мен ынтасын атап өтіп, студенттердің Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен серіктестікті нығайтудағы маңызды дәнекер екенін ерекше айтты.

Елшінің бұл сапары Лу Бань шеберханасының халықаралық ынтымақтастық алаңы ретіндегі маңыздылығын тағы да айқындай түсті. Мұнда сандық экономика мен болашақ өнеркәсібінің талаптарына дайын жаңа буын мамандары қалыптасуда.