Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Болашақ біздің қолымызда: реформалар туралы жастар диалогы» атты жастарға арналған TEDx форматындағы диалог алаңы өтті. Іс-шараға қала және облыс көлеміндегі жас көшбасшылар мен университеттің белсенді студенттері, магистранттары, докторанттары қатысты.
Диалог алаңын Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректоры Рахметулина Сәуле Жәдігерқызы ашып, қатысушыларды құттықтап, іс-шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Алаң барысында қоғамның түрлі салаларын қамтитын спикерлер сөз сөйледі. Атап айтар болсақ, олардың қатарында қалалық мәслихат депутаты, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Ербол Б.Е., ШҚО Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Базылханов Т.С., ШҚТУ Жер туралы ғылымдар мектебінің аға оқытушысы, PhD докторы, «Жас Ғалым» жобасының жетекшісі Пяткова А.П., ШҚО бойынша «ESBOL QORY» фронт-офисінің жетекшісі Төлеубекова Л.Т., ШҚТУ Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Базарқат Ж.П., Абай атындағы ШҚ гуманитарлық колледжінің «Жастар рухы» жастар қанатының жетекшісі, «Белсенді рухтас» республикалық жастар сыйлығының иегері Дауткали А.А. және ШҚТУ студенттерінің құқықтары жөніндегі омбудсмені Төрегелдиева Д.Т. бар.
Спикерлер өз баяндамаларында жастардың қоғамдағы рөлі, бастамашылдықтың маңызы, идеяны нақты жобаға айналдыру жолдары, азаматтық белсенділік пен жауапкершілік мәселелерін кеңінен қозғады. Сонымен қатар, жаңа Конституциялық өзгерістердің жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында қатысушылар өз ойларын еркін білдіріп, спикерлерге сұрақтар қойып, ел болашағына қатысты өзекті тақырыптарды талқылады. Жастар әлеуметтік жауапкершілік, адалдық қағидаттарын ұстану және ел дамуына белсенді үлес қосу қажеттігін атап өтті.
Ашық форматта өткен диалог алаңы мазмұнды пікір алмасуға ұласып, өз мәресіне сәтті жетті.