Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті №2 жатақханасының студенттері арасында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің киберқылмыспен күрес басқармасы қызметкерлері «Сандық гигиена: әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауіпсіз мінез-құлық ережелері» тақырыбында профилактикалық дәріс өткізді. Іс-шараға сондай-ақ,  учаскелік полиция өкілдері де қатысып, студенттерге жалпы тәртіп, қауіпсіздік және алдын алу шаралары туралы маңызды ақпарат берді.

Кездесу барысында студенттерге әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауіпсіздік ережелері, жеке деректерді қорғау, киберқорқыныштар мен интернет алаяқтықтарынан сақтану жолдары түсіндірілді. Полиция қызметкерлері нақты мысалдар келтіріп, интернеттегі қауіптер мен олардың алдын алу тәсілдерін көрсетті.

Студенттер белсенді қатысып, өз сұрақтарын қойып, виртуалды кеңістікте қауіпсіз әрекет ету ережелерін талқылады. Дәріс барысында сандық мәдениет қағидалары, онлайн этика, жеке ақпараттың құпиялығы және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді дұрыс пайдалану жолдары туралы кеңінен баяндалды.

Сонымен қатар, студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау бойынша кеңестер берілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың сандық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану және жауапкершілікпен әрекет ету мәдениетін қалыптастыру.