Биылғы жыл атаулы мерекелерге, мерейтойларға мол жыл. Тірліктің әр саласында тың өзгерістер, ауқымды іс-шаралар орын алуда. Соның ішінде спорт саласының басты іс-шарасы - Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған VIII қысқы Қазақстан Универсиадасы. Ол еліміздің Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен  жоғары оқу орындары студенттерінің арасында 20 ақпан мен 20 наурыз аралығында Шығыс өңірінде (Өскемен, Риддер) және Алматыда (керлинг бойынша) өтпек. ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» қабылдаушы тараптан ұйымдастырушы ретінде өңірдің тірек оқу орны Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ды таңдап отыр.

Наурызда болатын басты салатанатты шараны 20-24 ақпан аралығында Өскеменде өтетін Президенттік көпсайыс ашып бермек. Аталмыш шараға дайындық қарқынды жүргізілуде. Биыл тек сайыс барысына ғана емес, оны бұқараға кеңінен жарықтандыруға да ерекше назар бөлінбек. Бұл мақсатта ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» баспасөз хатшысы Гүлжайна Мұхашева, бөлім басшысының орынбасары Ризагүл Мұқанова және Қазақстан Ұлттық студенттер спорт одағының мамандары Әсел Андалиева мен Жангүл Нұрмұхамбетова Өскеменге арнайы ат басын тіреді.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймардановтың қабылдауында болған жұмыс тобы ұйымдастырудың түйткілді тұстарын, туындауы мүмкін мәселелерді, жалпы дайындық деңгейін талқылады. Университеттің Дене тәрбиесі және спорт кафедрасының меңгерушісі Болатбек Даумовтың айтуынша, спорттық нысандар толықтай дайын және сайыс күндеріне нақты әрекет жоспары да қабылданған. Ректор Ж.Шаймарданов ақпараттық қамтамасыз ету мәселелерінің, жалпы спорт атаулыны насихаттаудың маңыздылығына тоқтала келіп, бұл тұрғыда жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Алда еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қатысушы командаларды қарсы алу бар. Олардың арасында Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, т.б. өңірлердің жас студент-спортшылары келмек.

Айта кетерлігі, ШҚМТУ өз тарапынан 3 күнге созылатын Президенттік көпсайыс барысынан сәтті фото, видео түсіріп, әлеуметтік желілерде таратқандар арасынан жеңімпаз таңдайтынын хабарлады. Арнайы бренд-сый да тағайындалып қойды. Жарияланымдарға ортақ хэштегтер: #универсиада #универсиада2020 #VIIIуниверсиада #көпсайысШҚМТУ2020  #президентскоемногоборьеРК2020. Ендеше, іске сәт!