Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Халықаралық инженерия мектебінде 6В07112 «Механика және металл өңдеу» білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылардың дипломдық жобаларын және 7М07111 «Механика және металл өңдеу» білім беру бағдарламасы бойынша магистрлік диссертацияларды қорғау сәтті аяқталды.
Қорғау барысында бакалавриат түлектері «УКАЗ» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «УЗПА» АҚ, «УМЗ» АҚ және Шығыс Қазақстан облысы мен Қазақстан Республикасының басқа да жетекші кәсіпорындары үшін машина жасау саласындағы бөлшектер мен тораптарды дайындаудың технологиялық процестерін әзірлеуге арналған жобаларын ұсынды.
Магистранттар сандық бағдарламалық басқаруы (СББ) бар станоктардағы электрэрозиялық өңдеудің заманауи технологиялары, TIG-қаптап дәнекерлеу, 3D-сканерлеу және реверс-инжиниринг, сондай-ақ механика және металл өңдеу саласындағы өзге де өзекті бағыттар бойынша жүргізілген ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін таныстырды.
Түлектердің жоғары дайындық деңгейін мемлекеттік аттестаттау комиссиясының мүшелері ерекше атап өтті. Комиссия құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Қазақстан теңге сарайы» РМК, «Академпроект» ЖШС, «Евротехсервис К» ЖШС ШҚФ және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілдері болды. Комиссия мүшелері бакалавриат және магистратура түлектерінің кәсіби білімін, практикалық дағдыларын және ғылыми-зерттеу әлеуетін жоғары бағалады.
Механика және металл өңдеу бағытындағы білім беру бағдарламаларының түлектері Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындарында ғана емес, Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінде де жоғары сұранысқа ие.
Әсіресе, 7М07111 «Механика және металл өңдеу» білім беру бағдарламасы бойынша шетелдік магистранттардың магистрлік диссертацияларын сәтті қорғағанын атап өткен жөн. Олардың қатарында Пәкістаннан Umar Ibtasam және Нигериядан Daniel Damilare Emmanuel бар. Бұл Халықаралық инженерия мектебінің білім беру бағдарламаларының халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын және оның түлектерінің географиясы Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс кеңейіп жатқанын көрсетеді.
Түлектерді дипломдық жобалары мен магистрлік диссертацияларын сәтті қорғауымен шын жүректен құттықтаймыз! Оларға зор денсаулық, кәсіби өсу, шығармашылық шабыт, ғылыми және өндірістік қызметтерінде жаңа жетістіктер, сондай-ақ алға қойған мақсаттарына жетулеріне тілектеспіз!

