Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Жаңа Конституция: негізгі қағидаттар мен құқықтық нормалар» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында ұйымдастырылған іс-шараға университеттің №1, 2 және 3 студенттер үйінде тұратын білім алушылар қатысты.

Кездесуде Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі Г.З. Қапасова және кафедра оқытушысы Н. Касен баяндама жасады.

Спикерлер Жаңа Конституцияның мемлекеттің құқықтық және саяси дамуындағы маңызы, конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттары, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары, сондай-ақ азаматтардың міндеттері туралы жан-жақты түсіндірді. Заңның үстемдігіне, азаматтардың заң алдындағы теңдігіне, қоғамдық тәртіпті сақтауға және заңдық жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар студенттерге Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, өзге адамдардың құқықтары мен қадір-қасиетіне сыйластықпен қарау қажеттігі ескертілді. Спикерлер Конституцияны білу әр азаматқа өзінің заңды мүдделерін қорғауға ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігін сезінуге де мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан мазмұнды жауаптар алды.

Осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын өткізу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және студенттік ортада «Заң мен тәртіп» қағидатына негізделген құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.