№2 жатақхана студенттерімен «Құмар ойындарға жауапты көзқарас қалыптастыру және ойынға тәуелділіктің алдын алу» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесу барысында келіп қатысқан спикерлер
- Килыбаев А.К. – Үлбі полиция бөлімінің майоры, әкімшілік құқық бұзушылықтар бағыты бойынша;
- Кабышов Д.Т. – криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры;
- Жакашев Д.Д. – Үлбі ПБ ҚҚБ бастығының орынбасары, полиция майоры.
Спикерлер өз сөздерінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – лудоманияның (құмар ойындарға тәуелділік) алдын алу, оның әлеуметтік және психологиялық салдары туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жастар арасында құмар ойындарға қызығушылықтың арту себептері талданып, оның алдын алу жолдары мен тиімді тәсілдері кеңінен қарастырылды.
Спикерлер сондай-ақ интернет-алаяқтықтың қазіргі таңда кең таралған түрлері, олардың жасалу тәсілдері және одан сақтану жолдары туралы нақты мысалдар келтіре отырып баяндады. Бұл бағытта азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін сақтау, күмәнді сілтемелер мен қаржылық операцияларға сақтықпен қарау қажеттігі ерекше атап өтілді.
Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар саласындағы қолданыстағы заңнамалар түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жауапкершілік түрлері және заң талаптарын сақтау мәселелері қозғалды. Спикерлер құқықтық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталып, әрбір азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі туралы нақты түсініктер берді.
Кездесу барысында көтерілген тақырыптар студенттер тарапынан қызығушылық тудырып, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, саналы әрі жауапты көзқарас қалыптастыруға оң ықпал етті. Мұндай іс-шаралар жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.