Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл - татулықтың тұғыры» атты іс-шара өтті. Оған университет табалдырығын алғаш аттаған бірінші курс студенттері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты: жастардың тілге деген құрметін арттыру, көптілділік мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ түрлі этнос өкілдері арасындағы достықты, өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайту.
Бағдарламаны ТҚО құрамындағы «Абай» және «English in Action» клубтарының жетекшілері Г.Т. Есімжанова мен К.М. Тоқтарғалиева ұйымдастырды. Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Тапсырмалар мен танымдық сайыстар жастарға тілдік дағдыларын жетілдіруге, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға және жаңа ортаға бейімделуге мүмкіндік берді.
Қазақстан халқы тілдері күні - еліміздің мәдени және рухани байлығын, тілдік әралуандығын дәріптейтін маңызды мереке. Мемлекеттік тіл – қоғамдық бірліктің негізі болса, елімізде өмір сүретін этностардың тілдеріне құрмет көрсету бейбітшілік пен өзара сыйластық құндылықтарын нығайтады.
Мұндай іс-шаралардың студент жастар үшін тәрбиелік мәні зор. Бірнеше тілді меңгеру білім мен кәсіби даму көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өзге мәдениеттерді түсінуге, ашық қарым-қатынас орнатуға және ортақ құндылықтарды құрметтеуге үйретеді. Әсіресе бірінші курс студенттері үшін бұл – университеттік ортаға бейімделіп, жаңа достар тауып, үлкен білім ордасының бір бөлігі ретінде сезінуге берілген мүмкіндік.
«Тіл – татулықтың тұғыры» іс-шарасы тілдің адамдарды жақындастыратын, мәдениеттерді байланыстыратын және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтатын маңызды құндылық екенін тағы бір мәрте көрсетті.