2026 жылғы 18 қарашада Астанада өткен III Стратегиялық әріптестер форумы аясында Ядролық білім беру саласындағы жоғары оқу орындарының Қазақстан–Ресей консорциумын құру туралы меморандумға қол қойылды. Консорциум құрамына Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті енді.

Жаңа бірлестік Қазақстан мен Ресейдің тоғыз университетін біріктірді. Олардың қатарында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Satbayev University, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Shakarim University, Astana IT University, С. Аманжолов атындағы ШҚУ және «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті.

Консорциумның құрылуы Қазақстанның атом саласына қажетті кадрлық және ғылыми әлеуетті қалыптастырудағы маңызды қадам болды. Университеттер білім беру бағдарламаларын, академиялық ұтқырлықты, ғылыми зерттеулер мен мамандардың практикалық даярлығын бірлесіп дамытуға мүмкіндік алады.

ШҚТУ үшін консорциумға қосылу - атом энергетикасына мамандар даярлау бағытындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Университетте МАГАТЭ сарапшыларымен бірлесіп әзірленген «Атом электр станцияларын пайдалану» білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама атом энергетикасы жабдықтарын пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, ядролық отын циклі мен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу мәселелерін қамтиды.

Университеттің халықаралық құзыреті МАГАТЭ аясындағы STAR-NET өңірлік желісіне қатысуымен де расталады. ШҚТУ өкілі желі төралқасының құрамына сайланған. Бұл университетке бірлескен бағдарламаларды әзірлеуге және ядролық білім берудің озық тәжірибелерін енгізуге мүмкіндік береді.

Студенттердің практикалық даярлығына алғашқы курстан бастап назар аударылады. Олар Курчатов қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына барып, зерттеу реакторларының, тәжірибелік стендтер мен атом саласының нақты нысандарының жұмысымен танысады.

Консорциумға қатысу ШҚТУ студенттеріне, оқытушылары мен жас ғалымдарына бірлескен білім беру және ғылыми жобаларға қатысуға, салалық сарапшылармен жұмыс істеуге, сондай-ақ бейінді ұйымдарда практика мен тағылымдамадан өтуге жаңа мүмкіндіктер береді.

ШҚТУ-дың консорциум құрамына енуі университеттің Қазақстандағы инженерлік білім беру орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып, еліміздің атом энергетикасын қауіпсіз әрі технологиялық тұрғыдан дамытуға қажетті мамандар даярлауға жол ашады.