Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Германияның жетекші университеттерімен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен серіктестік аясын кеңейтті.

ШҚТУ өкілдері- ректор С.Рахметуллина,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған қазақстандық жоғары оқу орындары делегациясының құрамында неміс академиялық және ғылыми серіктестерімен өткен кездесулерге, сондай-ақ Мемлекет басшысының қатысуымен ұйымдастырылған Қазақстан мен Германия жоғары оқу орындары ректорларының диалогына қатысты.

Сапар қорытындысы бойынша Фраунгофердің өндірістік жүйелер және жобалау технологиялары институтымен (Fraunhofer IPK), Бохум Рур университетімен, Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университетімен және Георг Симон Ом атындағы Нюрнберг техникалық университетімен ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді.

Жаңа бастамалар бірлескен ғылыми зерттеулер мен қолданбалы инженерлік жобаларды, кадр даярлауды, қос дипломды білім беруді дамытуды, технологиялар трансферін және университеттердің өнеркәсіппен өзара іс-қимылын күшейтуді қамтиды.

Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, «Қазмырыш» ЖШС және Бохум Рур университеті арасында үшжақты ниет туралы келісімге қол қойылуы. Құжат K’ADAM International халықаралық бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған және қазақстандық техникалық университеттің, ірі өнеркәсіптік кәсіпорынның және германиялық академиялық серіктестің әлеуетін біріктіреді.

Мұндай серіктестік өндірістің нақты қажеттіліктерін ескере отырып инженерлік кадрлар даярлауға, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ индустриялық серіктестерді мамандар даярлау үдерісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді. ШҚТУ үшін бұл әсіресе өнеркәсіптік Шығыс Қазақстан үшін маңызды «университет – ғылым – өндіріс» моделін жүйелі дамытудың жалғасы.

Сапар аясындағы жеке бағыттардың бірі Fraunhofer IPK институтымен ынтымақтастыққа арналды. Кездесу барысында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер, технологиялар трансфері және қолданбалы инженерлік жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. ШҚТУ мен Fraunhofer IPK ғылыми-технологиялық әріптестікті одан әрі дамытуға негіз болатын ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

Берлиндегі Өндірістік-технологиялық орталықтың сәулеті кездесуге ерекше реңк берді. Ғимараттың шеңбер тәрізді композициясы қазақстандық делегацияға ортақ үйдің, бірлік пен ашықтықтың символы – шаңырақты еске салды. Бұл бейне орталықтың философиясымен де үндеседі: мұнда ғылыми зерттеулер, инженерлік әзірлемелер және оларды тәжірибеде қолдану бір кеңістікте тоғысады.

Германияда қол жеткізілген уағдаластықтар ШҚТУ-дың халықаралық серіктестер желісін кеңейтіп, университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттері үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – академиялық байланыстарды нақты бірлескен зерттеулерге, білім беру бағдарламаларына және өнеркәсіпке қажетті технологиялық шешімдерге ұластыру.

Осылайша, Берлиндегі өзіндік «ғылым шаңырағы» аясында білім, ғылым және өндірісті біріктіретін қазақстандық-германиялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері қалыптасуда.