Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Отбасы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мереке университеттің оқытушылары, қызметкерлері мен жас отбасыларын бір арнаға тоғыстырып, ШҚТУ-дың тек білім ордасы ғана емес, өзара құрметке, қолдауға және ұрпақтар сабақтастығына негізделген үлкен қауымдастық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Іс-шараның ашылуында университет басшылығы отбасының жеке тұлғаны қалыптастырудағы, қоғамның дамуы мен елдің адами капиталын нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті. Сонымен қатар жас отбасыларды қолдау, ата-аналық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыты екені, бұл ұстанымдардың ШҚТУ-дың корпоративтік мәдениетінде де көрініс тапқаны айтылды.
Мерекеде университеттің білім беру мен ғылымының дамуына көп жылдар бойы үлес қосып келе жатқан отбасыларға ерекше құрмет көрсетілді. Олардың қатарында:
- Роговскийлер отбасы – Валерий Владимирович, Халықаралық инженерия мектебінің аға оқытушысы, университеттегі еңбек өтілі – 23 жыл. Жұбайы Галина Прокопьевна – редакциялық-баспа орталығының қызметкері, еңбек өтілі – 22 жыл.
- Жамигазиндер отбасы – Арман Арманжанұлы, Ақпараттық технологиялар департаментінің техникалық қолдау басқармасының бастығы, және Жұлдыз Асқенқызы, Сәулет, құрылыс және энергетика мектебінің оқытушысы, ШҚТУ докторанты. Олар мерекеге үш балаларымен бірге қатысты.
- Бобко жас отбасы – Сергей Викторович пен Александра Владимировна, ШҚТУ түлектері. Қазіргі таңда Құрылыс саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығында еңбек етеді. Алдағы уақытта магистратураға түсіп, оқытушылық қызметпен айналысуды жоспарлап отыр.
Бүгінде ШҚТУ-да 26 отбасылық жұп еңбек етеді. Олардың қатарында ата-анасының кәсіби жолын балалары жалғастырып келе жатқан нағыз университеттік әулеттер де бар. Соның бірі – Құрылыс саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығының жетекшісі Ольга Владимировна Руденко. Оның әкесі Владимир Федорович Шевляков – «Құрылыс конструкциялары» кафедрасының профессоры, университетте 1972 жылдан бері еңбек етіп, оқу орнының дамуына зор үлес қосқан.
Университетте қызметкерлер тек өз балаларына ғана емес, студент жастарға да тәлім-тәрбие беріп, оларға кәсіби біліммен қатар жауапкершілік, адалдық және отбасы құндылықтарын насихаттап келеді.
Бұл бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – университет отбасыларын біріктіруге, жас ата-аналарды қолдауға және студенттер арасында отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «EKTU Отбасы» жобасы.
Іс-шара соңында қатысушыларға университетке деген адалдығы, көп жылғы еңбегі мен отбасы дәстүрлерін сақтаудағы үлесі үшін алғыс білдіріліп, әр шаңыраққа амандық, береке, өзара сыйластық пен бақыт тілегі айтылды.
Осындай кездесулер берік отбасының мықты университеттің негізі екенін тағы бір мәрте айқындай түседі. ШҚТУ ұрпақтар сабақтастығын сақтап, бір үлкен университет отбасының құндылықтарын дамыту жолындағы игі дәстүрлерін жалғастыра береді.