2026 жылғы 19–20 ақпан күндері «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» КЕАҚ-да ISO 37001:2016 халықаралық стандарты талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің (СЖҚМЖ) қайта сертификаттау аудиті сәтті өткізілді. Аудитті G-Certi халықаралық сертификаттау органының аудиторы жүргізді.

Аудит бағдарламасы толық көлемде орындалды. Тексеру қорытындысы бойынша аудитор ШҚТУ-дың біріктірілген менеджмент жүйесі аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесін жетілдіру бағытында жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сәйкессіздіктер анықталған жоқ, сонымен қатар жүйені одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған ұсынымдар берілді.

Нәтижесінде «Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ» КЕАҚ ISO 37001 стандартының талаптарына сәйкестігін сәтті растады және тиісті сертификатқа ие болды.

Бұл нәтижеге қол жеткізу университет басшылығының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға тартылған барлық құрылымдық бөлімшелердің жүйелі жұмысының арқасында мүмкін болды.

ШҚТУ біріктірілген менеджмент жүйесін жүйелі түрде дамытуды жалғастырып, өз қызметінің барлық бағыттарында сапаның, ашықтықтың және адалдықтың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуде.

Стратегиялық даму және сапаны қамтамасыз ету басқармасы БМЖ бойынша сыртқы аудиттен өту барысында үйлесімді, белсенді әрі нәтижелі командалық жұмыс көрсеткені үшін университеттің барлық бөлімшелеріне алғыс білдіреді.

Менеджмент жүйелері орталығы