Бүгін Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Толық адам – бүгінгі жастардың идеалы ма?» тақырыбында ашық микрофон форматында дөңгелек үстел өтті. Аталған тақырып қазіргі қоғам үшін аса өзекті, себебі жаһандану дәуірінде жастардың дүниетанымы, құндылықтары мен өмірлік ұстанымдары түрлі ықпалға ұшырап отыр. Осы тұрғыда «Толық адам» ұғымының мәнін қайта зерделеу – уақыт талабы.
«Толық адам» – тек білімді ғана емес, рухани бай, адамгершілігі жоғары, жауапкершілігі мол, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, өзіне де, қоғамға да пайдасын тигізе алатын тұлға. Бұл тұжырым ұлы Абай еңбектерінде кеңінен көрініс тапқан және бүгінгі күні де өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Іс-шараны «Абай» клубы мен Әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивтік даму департаменті ұйымдастырды. Кіріспе сөзді «Абай» клубының жетекшісі Бакиева А.К. алып, «Толық адам» тұжырымдамасының қазіргі жастар үшін маңызы мен құндылықтық бағдарларын атап өтті. Баяндамасында ол жастардың осы идеалға қаншалықты ұмтылатынын саралап, терең ой қозғады.
Дөңгелек үстел барысында университетіміздің «Абай» клубының мүшелері – Құрманғали Д., Диасұлы Е., Амангелді М., Ғазиз Д. және «Еркін сөз» пікірсайыс клубының координаторы Жанболатова Е. сөз сөйлеп, қазіргі қоғамдағы «Толық адам» ұғымының өзектілігі, Абай поэзиясындағы адамгершілік мәселелері, білім мен тәрбиенің маңыздылығы, сондай-ақ «жылы жүрек, ыстық қайрат, нұрлы ақыл» қағидаттарының өміршеңдігі туралы пікір алмасты.
Дөңгелек үстелдің модераторы – Әлеуметтік, жастар саясаты және инклюзивтік даму департаментінің бас маманы Амринова М.С.
Ашық пікір алмасу форматында өткен бұл дөңгелек үстел қатысушыларға терең ой салып, өз көзқарастарын еркін білдіруге мүмкіндік берді. Аталмыш іс-шара жастарға рухани азық сыйлап, олардың құндылықтық бағдарларын айқындауға ықпал еткен мазмұнды әрі тағылымды рухани алаң деңгейінде өз мәресіне жетті.



