Университетте білім алушыларға арналған «Туберкулездің алдын алу — қоғам денсаулығының негізі» тақырыбында ақпараттық-ағартушылық кездесу ұйымдастырылды. Кездесуді Амбулаториялық орталық емханасының тәжірибелі фтизиатр дәрігері Исюмбаева Ғ. К. жүргізді. Іс-шараға 1–2 курс студенттері қатысты.
Кездесу барысында медицина маманы туберкулездің жұғу жолдары, аурудың алғашқы белгілері, алдын алу шаралары және ерте анықтаудың маңызы туралы жан-жақты мәлімет берді. Студенттерге туберкулездің адам ағзасына әсері, иммунитеттің рөлі, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтының аурудың алдын алудағы маңызы ғылыми негізде түсіндірілді.
Сонымен қатар, флюорографиялық тексеруден уақытылы өту, жеке гигиенаны сақтау, науқастармен байланыста сақтық шараларын ұстану және медициналық көмекке дер кезінде жүгінудің қажеттілігі атап өтілді. Мамандар туберкулездің алдын алуда жауапты мінез-құлық пен қоғамдық сананың рөлін ерекше атап өтті.
Аталған іс-шара студенттердің туберкулез туралы хабардарлығын арттыруға, жұқпалы аурулардың алдын алу мәдениетін қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағытталды. Университетте жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және медициналық сауаттылықты арттыру мақсатында осындай ақпараттық кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады.
