Д. Серікбаева атындағы ШҚТУ-дың еріктілері "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік" жұмысына қызу кірісті. Тамыз айында басталған жобаға университет студенттері белсене тіркеліп, өз үлестерін қосып келеді. Жобаның мақсаты - жемқорлықтың алдын алу. Бастамаға кез келген студент, оқытушы қатыса алады.

Еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Антикор волонтер болуға шақырады» слетінің ашылу салтанатына ШҚТУ Басқарма мүшесі - ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Қоңырбаева Жадыра Түсіпханқызы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Архат Абжатұлы Бейсембаев қатысты. Архат Абжатұлы Агенттік қызметіндегі негізгі жаңашылдықтар мен іске асырылып жатқан жобалар және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстарға тоқталып, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасының негізгі мақсаттарын атап өтіп, патриотты тұлға ретінде осы жобаға өз үлестерін қосуға шақырды.

Студенттер басқосуында волонтер ұғымына жалпы түсінік беріліп, олардың қоғамдағы орны мен маңызы талқыланды. Психологиялық ойындар ойнатылып, жастар өзара тәжірибе алмасты. Еріктілер қазіргі жастардың қызығушылығы мен ойлау қабілетіне сай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мафия» ойынының жаңа нұсқасын ойлап тауып, қонақтарға ұсынды. Еріктілердің айтуы бойынша,  қазіргі жастар тик-ток, мафия ойыны сияқты трендтерге жақын. Сондықтан жастардың қызығушылығына сәйкес, осы мафия ойынының желісін таңдап алғандарын түсіндірді.