Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға Венгрия елшісі келді. Сапар барысында елшіге Басқарма мүшесі-ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Қоңырбаева Жадыра Түсіпқанқызы және Басқарма мүшесі-Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Сұлтан Ертай шағын экскурсия өткізді. Олар елшімен екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылап, жоспарларымен бөлісті.

Айта кетсек, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ 2018 жылдан бастап Венгрия жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастықта. Негізгі серіктестер:

  • Будапешт технология және экономика университеті (Budapest University of Technology and Economics)
  • Обуда Университеті (Óbuda University) болып табылады.

Сонымен қатар, Венгриямен келесі бағыттар бойынша белсенді бірлескен ғылыми-зерттеу және академиялық жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында:

  • Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ докторанттарының ғылыми жетекшілігі
  • "Автоматика және басқару" және "Медициналық техника" білім беру бағдарламалары бойынша курстарды оқыту
  • Erasmus+ бағдарламасы аясындағы дәрістер
  • Erasmus+ бағдарламасы аясында студенттер мен ПОҚ ұтқырлығы
  • Обуда Университеті ұйымдастыратын қолданбалы информатика және онымен байланысты салалар бойынша халықаралық симпозиумға және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ұйымдастыратын жыл сайынғы RnD форумына белсене қатысу.
  • "Acta polytechnica Hungarica", "Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ хабаршысы" журналдарындағы ғылыми мақалалардың бірлескен жарияланымдары.

Елшіні ШҚТУ-дың ғылыми жобалары, протездеу және медициналық саладағы әзірлемелер қызықтырды. Сонымен қатар, университет базасындағы алғашқы Қазақстандық медициналық технопарк жобасы ерекше әсер қалдырды. Smart engineering құзыреттілік орталығында Елші ғалымдармен және қызметкерлермен әңгімелесіп, олардың құзыреттілігі мен зертханалардың заманауи жабдықтармен интеграциялануының жоғары деңгейін атап өтті.