Шығыс Қазақстан техникалық университетінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Коняшкин Ростислав Анатольевич халықпен кездесті. Бұл кездесу – өңірдің цифрлық даму жағдайын көзбен көру, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру бағытында қолға алынған маңызды шаралардың бірі болды.

Кездесу барысында тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, цифрландыру, инновациялық даму және мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, вице-министр азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты нақты жоспарлармен бөлісті.

Вице-министр:

Өз сөзінде Ростислав Анатольевич цифрлық даму тек технологиялық ілгерілеу емес, азаматтардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар жиынтығы екенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Тек 2024 жылдың өзінде республика бойынша 292 миллионнан астам қызмет ұсынылды, оның басым көпшілігі онлайн форматта рәсімделген.

Бұл үрдіс халыққа үлкен жеңілдік беріп, уақыт пен ресурсты үнемдеуге, сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік беруде.

Шығыс Қазақстанда интернет қолжетімділігі артуда. Аймақта «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 204 ауылдық елді мекенге жоғары жылдамдықты интернет тартылуда. Бұл жұмыстар нәтижесінде жалпы саны 362 байланыс нүктесі орнатылады деп күтілуде.

Сонымен қатар, байланыссыз немесе әлсіз байланысы бар «ақ дақ» аймақтарды жою мақсатында 22 антенна-мачталық құрылым салу жоспарланған. Бұл шалғай елді мекендердің интернетпен қамтылуын айтарлықтай жақсартады.

Кездесу соңында вице-министр азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдады. Әр ұсыныс жүйелі түрде қаралатынын және жергілікті билікпен бірлесіп жүзеге асырылатынын атап өтті.