Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында студент жастарға арналған құқық қорғау органдарының мамандықтарымен таныстыруға бағытталған көрме түріндегі іс-шара өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызын түсіндіру, заңдылықты сақтау мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ студенттердің құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін арттыру болды.

Көрме барысында студенттер құқық қорғау органдарындағы түрлі мамандықтар, олардың қызметтік бағыттары, жұмыс ерекшеліктері мен кәсіби талаптары туралы жан-жақты ақпарат алды. Қатысушыларға саланың құрылымы мен қызметтік міндеттері таныстырылып, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар көрме аясында құқық қорғау органдарында қолданылатын арнайы құрал-жабдықтар мен қызметтік қару-жарақ үлгілері де таныстырылып, олардың қолданылу мақсаты мен қауіпсіздік талаптары жөнінде түсіндірме берілді.

Көрме барысында студенттер мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды. Жастар тарапынан құқық қорғау саласына деген жоғары қызығушылық байқалды.

Атап өтілгендей, «Заң мен тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Студент жастар еліміздің болашағы ретінде заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру арқылы мемлекет дамуына өз үлесін қосады.

Аталған көрме жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық қорғау органдары мамандықтарын кеңінен танытуға және жауапты азаматтық көзқарасты қалыптастыруға бағытталды.