2020 жылдан бері ШҚТУ халықаралық UI GreenMetric жасыл университеттер рейтингінің қатысушысы болып келеді. Жоғары деңгейден бастау алған университет соңғы алты жыл бойы экология және тұрақты даму бағытында еліміздегі көшбасшылықты сенімді түрде сақтап келеді. Биылғы рейтинг қорытындылары бұл позицияны тағы да растады. 1745 университеттің ішінде 139-орында, ал Қазақстан бойынша 1-орында, ТМД елдері арасында 3-орында болу - тұрақты жұмыстың нәтижесі. Мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге және оларды үздіксіз жақсартуға жасыл бастамаларды жүйелі түрде енгізу септігін тигізуде.

Сол бастамалардың бірі   Zoom платформасында өткен жыл сайынғы халықаралық онлайн-семинар «Green University». Семинарға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Түркия және Венгрия университеттерінен қатысушылар қосылды. Биыл шараға 200-ден астам адам тіркеліп, 30-ға жуық спикер өз университеттеріндегі Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыру тәжірибесімен бөлісуге ниет білдірді.

2025 жылғы семинардың орталық тақырыбы: жастардың жасыл бастамалары. Яғни кампустардағы экологиялық мәдениетті қалыптастыратын, ТДМ-ды ілгерілетуге нақты үлес қосатын жобалар мен идеялар. Біз жастардың дәл бүгін ертеңгі экологиялық күн тәртібін айқындайтынына сенеміз және студенттік, академиялық қауымдастықтар үшін шабыт, диалог және бірлесу алаңын қалыптастыруға ұмтыламыз.

Семинар баяндамалары бірқатар маңызды бағыттарды қамтыды: экологиялық ағарту ісі, еріктілікке тарту тәжірибелері, жасыл өсім стратегиялары, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, студенттердің орнықты болашақ үшін мүмкіндіктерін кеңейту, ТДМ-ды Орталық Азия университеттерінің стратегияларына енгізу.

ШҚТУ спикерлері университеттегі жастардың экологиялық саясатын дамыту тәжірибесін, сондай-ақ Erasmus+ жобасы аясында циркулярлық экономика мен тұрақты даму бағыттарында ТДМ енгізу арқылы білім беруді трансформациялау нәтижелерін ұсынды. Сол бастамалардың бірі - университетте Тұрақты даму офисінің ашылуы, онда бүгінде ШҚТУ студенттері мен түлектері қызмет атқаруда.

Бөлек сессия университеттердің ТДМ ілгерілетуіндегі рөліне арналды. Қатысушылар ғылым мен қолданбалы тәжірибенің түрлі салаларын - ауыл шаруашылығынан бастап қалалық экологиялық аудитке дейін  талқылады.

Семинар барысында А. Гумбольдт атындағы жаңа Тұрақты даму орталығында студенттерге арнайы лекциялық аудитория ұйымдастырылып, болашақ эколог мамандар спикерлердің сөзін тыңдап, өз сұрақтарын қою мүмкіндігіне ие болды.

Халықаралық онлайн-семинар «Green University» жыл сайын тәжірибе алмасу алаңына айналып, ТДМ енгізу жұмысына қатысатын университеттер санын арттырып келеді.

Бұл  өте маңызды. Себебі бүгінгі күні біз көптеген экологиялық сын-қатерлерге тап болып отырмыз, ал тұрақты даму  бәріміз ұмтылуға тиісті ортақ мақсат. Ғылым мен білімнің локомотиві саналатын университеттер тұрақты даму бағытындағы идеяларды әзірлеп қана қоймай, оларды өзінің барлық  қызметіне енгізуі тиіс. Жастар осы өзгерістердің басты қозғаушы күші, олар біздің әлемді жақсы жаққа өзгерте алады.

Семинар түрлі университеттердің бірегей тәжірибесін, ортақ бағыттарын және болашақ бірлескен жобаларға арналған жаңа мүмкіндіктерді айқын көрсетті.

Барлық қатысушылар мен спикерлерге экологиялық тұрақтылық жолындағы қызығушылығы, креативті идеялары және нақты нәтижеге бағытталған тәжірибесі үшін алғыс білдіреміз.

Жылды қорытындылаймыз - жасыл идеяларға жол ашамыз!