Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-ға әлемдік рейтингтерде көш бастап тұрған Массачусетс технологиялық институтының PhD докторы, City Scanner жобасының ғылыми қызметкері Симонэ Мора және Senseable City Lab бас ғылыми қызметкері, City Scanner жобасының коммуникациялар және технологиялар PhD докторы Фабио Дуартэ келді. Күннің бірінші жартысында MIT ғалымдары ШҚТУ ғалымдарымен кеңесіп, «Sensing Kazakhstan» бірлескен жобасы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, сонымен қатар, оны іске асыру жолдарын шешті.

Қызу талқылаулар мен бірқатар шешімдер қабылданғаннан кейін шетелдік қонақтар студенттерге дәріс өткізді. Фабио Дуартэ Массачусетс технологиялық институты туралы, сондай-ақ MIT қабырғасында жүзеге асырылған соңғы жобалар туралы, атап айтсақ, City Scanner, Sonic cities, Favelas 4d, Roboat туралы айтып берді.

Дәріс соңында студенттер өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды, ал көпшілігі шетелдік ғалыммен жеке әңгімелесті. Фабио Дуартэ көпшіліктің қызығушылығын тудырды және барлық сұрақтарға қуана жауап беруге тырысты.

Түстен кейін MIT PhD докторлары мобильді сенсорлардың қандай бөлшектерден тұратынын және олардың қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Аспаптарды талдай отырып, ғалымдар өздерінің әріптестері мен студенттерінің сұрақтарына мұқият жауап берді. Одан әрі, Өскемендегі атмосфералық ауаның мониторингі үшін арнайы жиналған шетелдік қондырғылар екі автокөлікке орнатылды. Датчиктер жинайтын барлық ақпарат 4G арқылы серверлерге жіберіледі, егер байланыс болмаса, деректер сенсордың жадында сақталады. «Сондықтан барлық ақпарат үздіксіз жиналады» дейді американдық ғалымдар.

Бірнеше машинаның көмегімен экологиялық деректерді жедел жинау және жергілікті атқарушы органдар үшін озық талдамалық шешімдерді ұсыну мүмкіндігі пайда болады. Бірлескен жұмыс қаланың әртүрлі бөліктеріндегі атмосфералық ауаның сапасын бағалауға және ауа жылдамдығының, ылғалдылығының және температурасының дисперсияға әсерін анықтауға мүмкіндік береді. Қозғалыс бағыты бойынша ластануды бақылау үшін қалалық трамвайларға да бірнеше сенсор орнатылады. Трамвайлар қала орталығын да, өнеркәсіптік аймақты да қамтиды.