Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) өз ғалымының әлемдік ғылым кеңістігіндегі елеулі жетістігі туралы мақтанышпен хабарлайды. ШҚТУ жанындағы «Алтын Алтай» музейінің ғылыми қызметкері Михаил Викторович Вавулин халықаралық ірі зерттеу жобасына қатысып, бұл жұмыс тек ғылыми қауымдастықтың ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының қызығушылығын тудырды.

Михаил Викторович — археометрия және цифрлық археология саласының маманы. Ол 34-тен астам ғылыми жарияланымның авторы, соның ішінде 12-сі халықаралық Scopus* мәліметтер базасына енген рецензияланған журналдарда жарық көрген. Оның Хирш индексі — 6. Бұл көрсеткіш – оның ғылыми ықпалдылығының дәлелі, әлемдік академиялық қауымдастық мойындаған нәтиже. 2022 жылдан бастап Михаил Викторович Германия, Франция, Швейцария, АҚШ, Қазақстан және Ресей ғалымдары кіретін халықаралық зерттеу тобының мүшесі болып табылады. Зерттеу нысаны — 2300 жыл бұрынғы, татуировкалары сақталған, пазырық мәдениетіне тиесілі «мұзды мумия».

Михаил Вавулин жобада маңызды рөл атқарды: ол заманауи цифрлық фотограмметрия және жақын инфрақызыл түсіру әдістерін қолдана отырып, мумияны аса дәлдікпен цифрландырды. Нәтижесінде, зерттеушілер алғаш рет көне татуировкалардың барлық ерекшеліктерін, тіпті ежелгі шеберлердің «жеке қолтаңбасына» дейін анықтай алды! Бұл жаңалық көне заманда татуировкаларды салу технологиясын бұрын-соңды болмаған деңгейде қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Зерттеу нәтижелері әлемдегі ең беделді ғылыми басылымдардың бірі — Antiquity журналында жарық көрді (бұл журнал халықаралық рейтинг жүйесі бойынша 98-перцентильге кіреді). Бұл мақала нағыз ғылыми серпіліс болды: CNN, LiveScience, The Guardian, РИА Новости секілді 50-ден астам жетекші халықаралық БАҚ бұл жаңалық туралы жазды.

Бұл жетістік — ғылым шекараны білмейтінін, ал қазақстандық зерттеушілердің әлемдік ғылымның алдыңғы қатарында бола алатынын дәлелдейді.

Михаил Вавулиннің тарихы — ғылымға деген құштарлық, пәнаралық көзқарас пен өткенді тануға ұмтылыс көне мәдениеттер туралы түсініктерімізді өзгерте алатын жаңалықтарға алып келетінінің жарқын үлгісі.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ өз ғалымдарымен мақтанады және отандық әрі әлемдік академиялық мектепке жаңа көкжиектер ашатын ғылыми бастамаларды дамыту мен қолдауды жалғастырады.