Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің өкілі Алтай мемлекеттік университеті ұйымдастырған «Ресей мен Орталық Азия елдеріндегі заманауи тарихи білім: тарихтың жалпы және өңірлік аспектілерін оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Халықаралық конференция Ресей мен Орталық Азия елдерінің ғалымдары мен педагогтерін біріктіріп, тарихи білім берудің өзекті мәселелерін, өңірлік тарихты зерттеу, архив деректерімен жұмыс істеу және тарихи жадыны сақтау бағыттарын талқылауға арналған кәсіби алаңға айналды.
Конференцияда ШҚТУ атынан Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы К.С. Калиева баяндама жасады.
Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеу және оқыту мәселелеріне арналған секцияда ғалым «Есімдерді қайта жаңғырту: Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы тарихи жадыны сақтаудағы Шығыс Қазақстан облысы іздестіру қозғалысының үлесі» тақырыбындағы зерттеуін таныстырды.
Баяндамада соғысқа қатысқан қазақстандықтардың тағдырын анықтау, ұмыт қалған есімдерді қайта жаңғырту және олардың ерлігі туралы деректі мәліметтерді сақтау бағытында жүргізіліп жатқан іздестіру және зерттеу жұмыстарының өңірлік тәжірибесі ұсынылды.
Халықаралық конференцияға қатысу Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ мен Алтай мемлекеттік университеті арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығының жалғасы болды. Зерттеу тәжірибесімен алмасу және тарихи ағарту мәселелерін бірлесіп талқылау жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға, жаңа ғылыми бастамаларды дамытуға және тарихи жадыны сақтау бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.